Мазмұнға өту

Литва тілі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Литва тілі
lietuvių kalba
Сөйлеу орны: Литва, Аргентина, Аустралия, Беларусь, Бразилия, Канада, Эстония, Қазақстан, Латвия, Польша, Ресей, Швеция, Құрама Патшалық, Ирландия, Уругвай, АҚШ 
Аумағы: Еуропа
Барлық сөйлеушілері: 2.96 миллион (Литва)
170,000 (Шетелде)
3.13 миллион (Дүние жүзі бойынша)[1] 
Әлемдегі қатары: 144-орын
Тіл ұясы: Үндіеуропалық тілдер
 Балтық тілдері
  Шығыс балтық тілдері
   Литва тілі 
Жазу әдісі: Латын әліпбиі 
Ресми күйі
Ресми күйі бар жері: Литва, Еуропа Одағы
Реттеушісі: Литва тілінің комиссиясы
Тіл белгілері
ISO 639-1: lt
ISO 639-2: lit
ISO 639-3: lit

 

Литва тілі (лит. lietuvių kalba) — Литваның ресми тілі, Еуропалық Одақтың ресми тілдерінің бірі. Литвада ана тілі ретінде сөйлеушілерінің саны 2.96 миллион, шетелдерде шамамен 170,000. Литва тілі өзімен туыстас Латыш тілімен бірге Балтық тілдеріне жатады, алайда екеуі өзара түсінікті емес. Литва тілі латын әліпбиін қолданады.

Литва тіліндегі сақталып отырған ең көне қолжазба (шамамен 1503 жыл), 15-ші ғасырда жазылған еңбектің көшірмесі.
First Lithuanian book (1547) The Simple Words of Catechism by Martynas Mažvydas
Еуропа тілдерінің картасы (1741), Исаның мінажатының алғашқы аяты литва тілінде берілген
Үндіеуропалықтардың қалай сөйлескендерін естігісі келетін әркім келіп, литва шаруасының сөйлегенін тыңдасын.

Литва тілінде үндіеуропалық тілдер өрбіп шыққан көне тілдерде болған есім морфологиясының көптеген бастапқы қасиеттері сақталған. Сол себепті литва тілі үндіеуропалық тілдердің салыстырмалы филологиясында маңызды роль атқарады. Салыстырмалы филологияның зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, литва тілі қазіргі үндіеуропалық тілдердің ішіндегі ең аз өзгерген тіл.[2][3]

Протоүндіеуропалық тілдің бөлшектенгенінен кейін Балтық-славян тілдерінің тобы пайда болғаны, содан соң ұзақ уақыт ортақ даму кезеңінен кейін славян және балтық тілдеріне бөлінгені туралы болжам бар (Szemerényi, 1957). Алайда Мейе, Климас, Зинкевичюс сияқты кейбір басқа тілтанушылар ондай ортақ прототілдің болғанына қарсы дәлелдер келтіріп, олардың арасындағы ұқсастықтарды ұзақ уақыт бойы бір-бірінің ықпалына түсіп отырғандарымен түсіндіреді. Балтық тілдерінде көптеген көне белгілердің бар екендігі даусыз болғанымен, олардың протоүндіеуропалық тілден дәл қалай өрбіп шыққаны әлі де анық емес.

Кейбір глоттохронологиялық пайымдаулар бойынша, шығыс балтық тілдері батыс балтық тілдерінен біздің заманымыздың 400-600 жылдары ажырап шыққан. Литва тілі мен латыш тілдерінің арасында елеулі айырмашылықтар 800 жылдан кейін пайдан бола бастаған, бірақ сонда да ұзақ уақытқа дейін оларды бір тілдің диалектілері ретінде қарастыруға болатын. Өтпелі диалектілер кем дегенде 14-15-ші ғасырларға дейін сақталып келді, 17-ші ғасырға дейін сақталған болуы да ықтимал. Екі тілдің алшақтай түсуіне қазіргі Латвияның жерін 13-14 ғасырларда неміс рыцарьлық ордендерінің жаулап алғаны қатты ықпал жасады.

Литва тілінің сақталып отырған ең көне ескерткіштеріне шамамен 1503-1525 жылдары жазып алынған Исаның мінажаты, Сәлем, Мәриям және Никея кредосы жатады. Ол ескерткіштер оңтүстік аукштайт диалектісінде жазылған. Кітаптар 1547 жылдан кейін басылып шығарыла бастаған, бірақ литвалықтардың арасындағы сауаттылық деңгейі XVIII ғасырдың аяғына дейін төмен дәрежеде болып келді. 1864 жылы Қаңтар көтерілісінен кейін Литва генерал-губернаторы Михаил Муравьёв тілдің білім беру саласында және кітап басуда қолданылуына толық тыйым салды, бірақ литва тіліндегі кітаптар шетелде — Шығыс Пруссияда және Құрама Штаттарда кедергісіз басыла берді. Ол кітаптарды Литваға қатаң түрме жазасына қарамастан әкелумен «книгнешяй» деп аталып кеткен адамдар айналысты, сол кітаптардың арқасында литва халқының ұлттық сана-сезімі өсіп, ақыры тыйым 1904 жылы алынып тасталды.

Йонас Яблонскис (1860–1930) литва әдеби тілінің қалыптасуына маңызды үлес қосты. XIX ғасырда жазба литва тілінің ережелері онсыз да өзгере бастаған болатын, бірақ Яблонскистің Lietuviškos kalbos gramatika («Литва тілінің грамматикасы») атты кітабына кіріспеде тілдің одан кейінгі дамуына зор әсер еткен маңызды қағидаларды қорытындылап-тұжырымдады. Ол ұсынған жалпыға бірдей литва тілі оның өзінің батыс аукштайт диалектісіне негізделіп, шығыстағы пруссия литвалықтарының диалектісінің кейбір жақтары енгізілді. Бұл диалектілерде көршілес көне прус тілінің әсерінің арқасында ежелгі айтылым сақталып қалып, басқа диалектілерде болса түрлі фонетикалық өзгерістер орын алып отырды. 1918 жылдан бастап литва тілі Литваның ресми тілі дәрежесіне ие болды. Литва Кеңес Одағының құрамында болған кезде литва тілі орыс тілімен қатар ресми қолданылып келді.

Классификациясы

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]

Литва тілі балтық тілдеріне жататын екі тірі тілдің біреуі болып табылады, екіншісі — латыш тілі. Балтық тілдеріне жатқан тағы бір тіл — көне прус тілі 19-шы ғасырға жетпей өлі тілге айналды. Балтық тілдеріне жатқан басқа тілдер — курон тілі мен судов тілі одан да бұрын жоғалған болатын. Балтық тілдері үндіеуропалық тілдердің жеке бір тармағын құрайды.

Географиялық таралуы

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]

Литва тілі негізінен Литвада таралған; сонымен бірге Беларусь, Латвия, Польша және Ресейдің Калининград облысында тұрып жатқан литва ұлтының өкілдерінің арасында да таралған. Аргентина, Аустралия, Бразилия, Канада, Дания, Эстония, Франция, Исландия, Ирландия, Норвегия, Ресейдің қалған аймақтарында, Швеция, Құрама Патшалық, Құрама Штаттар және Уругвай елдерінде литвалықтардың ірі топтары тұрады.

Литвадағы 2 955 200 адам (3 460 липка татарларын қосқанда), яғни 1998 жылғы бүкіл халықтың 80%-ы литва тілін ана тілі ретінде біледі. Басқа ұлт өкілдері де түрлі дәрежеде литва тілін меңгерген. Дүние жүзі бойынша литва тілінде сөйлейтіндердің саны 4 000 000 шамасында (1993 UBS).

Ресми дәрежесі

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]

Литва тілі Литваның мемлекеттік тілі және Еуропа Одағының ресми тілдерінің бірі болып табылады.

Диалектілері

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]

Литва тілінің екі диалектісі бар: аукштайт диалектісі және жемайт диалектісі. Мына картаға қараңыз: Мұрағатталған 27 мамырдың 2011 жылы.. Әдеби литва тілі мен жемайт диалектісінің арасында айырмашылықтар өте үлкен. Қазіргі аукштайт диалектісі XIII–XVI ғасырларда курон тілінің әсерімен қалыптасқан. Литва тілінің диалектілері Литваның этнографиялық аймақтарымен байланысқан.

Диалектілердің өздері кіші диалектілерге бөлінген. Екі диалектінің екеуі де үш кіші диалектіге бөлінген. Әдеби тіл батыс аукштайт диалектілеріне негізделген.

Дауысты дыбыстары

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]

Литва тілінде 12 жазба дауысты дыбыс бар. Латын әліпбиінің негізгі әріптеріне қоса «огонек» (яғни құйрықша) ұзын дауыстыларды белгілеу үшін қолданылады. Бұл осы дауыстылардың назализацияланған кезінен қалған тарихи белгі. Дәл сондай огонек құйрықшалары поляк тілінде де бар, онда ол мұрын жолымен айтылатын дыбыстарды белгілеуге қолданылады.

Дауыссыз дыбыстары

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]
Литва тілінің ең үлкен сөздігі 20 томнан тұрады, онда жарты миллионнан астам сөзтізімдік мақала бар

Тағы қараңыз

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]
  1. ↑ Тілдің «Ethnologue» бойынша коды:lit
  2. ↑ Zinkevičius Z. Rytų Lietuva praeityje ir dabar Vilnius: Mokslo ir enciklopedijų leidykla — P. [p.9] (col. {{{columns}}}).. — ISBN 5-420-01085-2
  3. ↑ Lithuanian Language. Encyclopedia Britannica.
  • Leonardas Dambriūnas, Antanas Klimas, William R. Schmalstieg, Beginner's Lithuanian, Hippocrene Books, 1999, ISBN 0-7818-0678-X. Older editions (copyright 1966) called "Introduction to modern Lithuanian".
  • Remys, Edmund, Review of Modern Lithuanian Grammar, Lithuanian Research and Studies Center, Chicago, 2nd revised edition, 2003.
  • Klimas, Antanas Baltic and Slavic revisited. Lituanus vol. 19, no. 1, Spring 1973 . Тексерілді, 23 қазан 2007.
  • Zigmas Zinkevičius, "Lietuvių kalbos istorija" ("History of Lithuanian Language") Vol.1, Vilnius: Mokslas, 1984, ISBN 5-420-00102-0.
  • Remys, Edmund, General distinguishing features of various Indo-European languages and their relationship to Lithuanian, Indogermanische Forschungen, Berlin, New York, 2007.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | дереккөзін өңдеу]